Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Төтенше жағдайлар мен құқық қо...
23 сәуір 2026
1
0
0

Төтенше жағдайлар мен құқық қорғау саласының өкілдерімен маңызды кездесу өтті

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында төтенше жағдайлар мен құқық қорғау саласының өкілдерімен маңызды кездесу өтті.
Жиынды оқу орнының тәрбие жұмыстарын және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы ашып беріп, келген қонақтарды таныстырып өтті. 
Іс-шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Орынтай Абылай Нұрғисаұлы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Шертай Аян, сондай-ақ Шымкент қаласы полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Сәбитбек Мақұлбек қатысты.

Кездесу барысында білім алушыларға төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, жаз мезгілінің басталуына байланысты судағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар суға батып бара жатқан адамға алғашқы көмек көрсету жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп, әрбір әрекеттің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап шомылу маусымы ашылатынын ескертіп, тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылу керектігін және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Іс-шара аясында өрт қауіпсіздігі мәселелері де кеңінен қамтылды. Мамандар тұрмыстық жағдайда өрттің алдын алу үшін сақталуы тиіс негізгі талаптарды түсіндіріп, электр құралдарын дұрыс пайдалану, ашық отты бақылаусыз қалдырмау сияқты маңызды ережелерге тоқталды. Табиғат аясында демалу кезінде де қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі ерекше айтылды. Атап айтқанда, пикникке шыққанда міндетті түрде өздерімен су алып жүру, от жағу кезінде шөптер мен ағаштардан кемінде 4–5 метр қашықтық сақтау, отты толық сөндірмей кетпеу керектігі ескертілді.
Сонымен қатар, көші-қон саласына қатысты заңнамаларды сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Полиция өкілі Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.

Пікірлер орны (0)