Педитария-1 кафедрасының ассистенттері Ботакөз Серікқызы мен Айнұр Турдалиевнаның ұйымдастыруымен ВМ-МҚБ-05-23 және ВМ-МҚА-05-23 топтарының білім алушылары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған тағылымы мол, әсерлі іс-шара өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрін дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру болды. Білім алушылар бұл мерекені ерекше ықыласпен ұйымдастырып, әрбір көрініс арқылы ұлттық рухты сезіндіре білді.
Мерекелік бағдарлама аясында қазақтың көнеден келе жатқан ғұрыптарының бірі – тұсау кесер рәсімі сахналанып, көрермендерге ұлттық тәрбиенің мәні тереңінен түсіндірілді. Бұл көрініс арқылы балаға ақ жол тілеп, оның болашағына деген ізгі ниет бейнеленді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ұлттық ойындар кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, асық ату ойыны мен қол күрес сайыстары ұйымдастырылып, қатысушылар өз ептілігі мен күш-жігерін сынады. Бұл ойындар жастардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Мереке барысында ұлттық киім киген білім алушылардың өнері мен белсенділігі ерекше көзге түсті. Әсем әндер шырқалып, ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарас үйлесім тапқан жарқын кешке ұласты.

Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана қалыптасып, ата-баба мұрасына деген құрмет нығая түсетіні сөзсіз. Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ол – жаңару мен бірліктің, береке мен татулықтың символы.
