Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Ұялы телефонның бала ағзасына...
12 қазан 2026
1
0
0

«Ұялы телефонның бала ағзасына әсері»

ОҚМА Гигиена және эпидемиология кафедрасында доцент м.а. З.И.Бейсембаеваның жетекшілігімен 29.09.26 күні ВМ-МҚқБ-01-25 тобының білім алушылары «Бал-Айбике» ұлттық сауықтыру балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Ұялы телефонның бала ағзасына әсері» тақырыбына танымдық сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты – балаларға ұялы телефонды шамадан тыс пайдаланудың ағзаға әсері туралы қарапайым түсінік беру, экран алдында ұзақ отырудың көзге, денеге және күн тәртібіне әсерін түсіндіру. Балалардың денсаулығын сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастырып, телефонды шамадан тыс пайдаланудың орнына қимылды ойындармен айналысуға, кітап оқуға, сурет салуға, таза ауада серуендеуге және достарымен қарым-қатынас жасауға бағыттау.
Сабақтың мазмұны балалардың жас ерекшелігіне сәйкес құрылып, күрделі медициналық терминдерді қолданбай, ақпарат қарапайым тілмен түсіндірілді. Білім алушылар ЖИ көмегімен өздері дайындаған мультфильмді көрсетті. Балалардың сабаққа белсенді қатысуы үшін сұрақ-жауап, дидактикалық ойындар және қимылды жаттығулар енгізілді.
Сабақ барысында балалар белсенділік танытты. Олар сұрақтарға жауап беріп, ойындарға қызығушылықпен қатысты. Көрнекі суреттер арқылы берілген тапсырмалар балалардың назарын жақсы аударды. Әсіресе, «Пайдалы ма, зиянды ма?» ойыны балалардың қызығушылығын арттырды. Балалар өз пікірлерін айтып, кейбір әрекеттердің неліктен дұрыс немесе дұрыс емес екенін түсіндіруге тырысты. Қимылды жаттығулар кезінде балалар белсенді қозғалып, көңілді қатысты. Сабақтың ойын түрінде ұйымдастырылуы балалардың тақырыпты жеңіл қабылдауына ықпал етті.
Жалпы, өткізілген танымдық сабақ балалар үшін қызықты әрі пайдалы болды. Сабақ барысында тәрбиеленушілер жаңа мәлімет алып қана қоймай, өз денсаулығына көңіл бөлу және бос уақытын пайдалы ұйымдастыру туралы қарапайым түсініктер қалыптастырды. Балабақша ұжымы өз кезегінде білім алушыларға сәттілік тілеп, алғыс хатпен марапаттады.

Пікірлер орны (0)