2026 жылдың 29 сәуірінде «ОҚМА» АҚ Педиатрия-1 кафедрасы Башқұрт мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп «Жаңа туған нәрестеге патронаж жүргізу» атты тақырыпта онлайн тәжірибе алмасу іс-шарасын ұйымдастырды. Аталған іс-шара аясында мазмұнды әрі қызықты ғылыми үйірме жоғары деңгейде өтті. ИПҚ-05-24 интерндері өзара тәжірибе алмасып, педиатрия саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, практикалық білімдерімен бөлісті. Іс-шара жылы әрі кәсіби атмосферада өтіп, қатысушыларға жағымды әсер қалдырды және академиялық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етті..

Жаңа туған нәрестеге патронаж жүргізу – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл үдеріс нәрестенің өмірінің алғашқы күндері мен апталарында денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және ата-аналарды бала күтіміне үйрету мақсатында жүргізіледі. Патронаждың сапалы ұйымдастырылуы бала денсаулығының болашақтағы көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді.
Патронаж қызметі учаскелік дәрігер мен мейірбике тарапынан жүзеге асырылады. Алғашқы қарау перзентханадан шыққаннан кейінгі алғашқы күндері жүргізіледі. Қарау барысында нәрестенің жалпы жағдайы, тері жамылғысы, тыныс алу жүйесі, жүрек-қантамыр жүйесі, жүйке жүйесінің жағдайы, дене салмағы және даму динамикасы бағаланады.Сонымен қатар, ана мен бала арасындағы байланыс, емшекпен қоректендірудің дұрыстығы, ұйқы және сергектік режимі, тұрмыстық жағдайлар қарастырылады. Ата-аналарға нәрестеге күтім жасау, кіндік жарасын өңдеу, гигиеналық шаралар, тері ауруларының алдын алу бойынша нақты ұсыныстар беріледі.

Қорытындылай келе, жаңа туған нәрестеге патронаж жүргізу – баланың денсаулығын сақтау мен нығайтудың негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Бұл қызмет уақытылы диагностика жасауға, аурулардың алдын алуға және ата-аналардың медициналық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.