
2026 жылғы 30 қазанда Қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан балалар мен олардың ата-аналарына «Жұқпалы аурулардың алғашқы клиникалық көріністері» тақырыбында дәріс оқылып, кеңес беру жұмысы жүргізілді.
Іс-шара ІПҚ-02-26, ІПҚ-03-26 топтарының білім алушылары мен Педиатрия-1 кафедрасының ассистенттері К.Р. Карсыбаева және А.Е. Төлеуованың ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналардың жұқпалы аурулар туралы медициналық сауаттылығын арттыру, балаларда аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға үйрету және асқынулардың алдын алу жолдарын түсіндіру.
Дәріс барысында балалардағы жұқпалы аурулардың алғашқы клиникалық көріністері, атап айтқанда дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, теріде бөртпенің пайда болуы, құсу және іш өту белгілері туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар баланың жағдайындағы қауіпті белгілерге назар аудару, науқасты үй жағдайында дұрыс күту, жеке гигиена талаптарын сақтау, инфекцияның таралуының алдын алу және медициналық көмекке уақытылы жүгіну мәселелері түсіндірілді.
Кездесу барысында ата-аналар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті кеңестер алды. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардағы жұқпалы ауруларды ерте анықтауға бағытталды.
Осындай санитариялық-ағартушылық іс-шаралар балалардың денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.