
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ «Микробиология, аллергология және иммунология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Стоматология» ББ бойынша ВМ-СҚАБ-01-02-24 топтары арасында «Адал студент – сапалы стоматолог» атты дебаттық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — студенттер арасында академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, кәсіби жауапкершілікті арттыру және сыни ойлау қабілетін дамыту болды. Бүгінде болашақ медицина маманы үшін сапалы біліммен қатар адалдық, кәсіби этика және жауапкершілік маңызды құндылықтардың бірі болып табылады.
Дебат барысында қатысушылар академиялық адалдық, плагиат мәселесі, жасанды интеллектті қолдану этикасы, сапалы білім және болашақ стоматологтың кәсіби жауапкершілігі туралы өз пікірлерін ортаға салды. Командалар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, қарсы тараптың пікіріне сыни тұрғыдан жауап бере білді. Сонымен қатар қатысушылар пікірталас мәдениетін сақтай отырып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Іс-шараға арнайы қазылар алқасы қатысып, командалардың сөйлеу шеберлігіне, дәлелдерінің сапасына және тақырыпты ашу деңгейіне әділ баға берді. Қазылар алқасының құрамында ОҚМА АҚ Комплаенс-офицері Пернебаев Нұрғали Алиханович, Медицина факультеті деканының орынбасары Дүйсенбаева Меруерт Мейрамбекқызы және кафедраның доценті, м.ғ.к. Сайлаубекұлы Рәтбек болды.
Дебаттың сұрақ-жауап және қарсы аргумент кезеңдерінде студенттер өзара пікір алмасып, академиялық адалдықтың маңыздылығын кеңінен талқылады. Қатысушылар білім алудағы адалдық қағидаларын сақтау — сапалы әрі бәсекеге қабілетті медицина маманын қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар академиялық адалдық антын қабылдап, плагиатқа жол бермеуге, білімді адал меңгеруге және кәсіби этиканы сақтауға уәде берді. Сонымен қатар, үздік командалар мен белсенді спикерлер арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Мұндай тәрбиелік және танымдық іс-шаралар студенттердің кәсіби дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, олардың жауапкершілік, адалдық және кәсіби мәдениет құндылықтарын нығайтуға үлкен үлес қосады.