Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА-да фармацевтикалық маманд...
23 сәуір 2026
1
0
0

ОҚМА-да фармацевтикалық мамандықтар түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті


2026 жылдың 22 сәуірінде «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-да «Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша бітіруші түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату, сондай-ақ фармацевтика саласының кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ету болды.
Іс-шараға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінен, «ОҚО «Даму» Медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінен,  «Belasar Pharmacy» ЖШС-інен, «Медсервис плюс» ЖШС Шымкент қ. филиалынан, «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-інен арнайы өкілдер келді.
Жәрмеңкенің ашылуында «ОҚМА» АҚ клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол жас мамандарды жұмысқа орналастырудың маңыздылығын, олардың кәсіби қалыптасуы мен фармацевтикалық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтті.
Іс-шара аясында клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор, профессор Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлының модераторлығымен пленарлық отырыс өтті. Отырыс барысында ол Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластерінің қызметі туралы баяндама жасап, онда саланың негізгі даму бағыттары, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл және кадрларды даярлау перспективалары қарастырылды.
Жәрмеңке барысында фармацевтикалық ұйымдар, дәріхана желілері, өндірістік кәсіпорындар және дистрибьюторлық компаниялардың өкілдері сөз сөйлеп, өз ұйымдарындағы бос жұмыс орындары, еңбек жағдайлары, мансаптық өсу мүмкіндіктері және жас мамандарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Пленарлық отырыс аясында кадр даярлау мәселелері, фармацевтикалық нарықтың даму үрдістері, жұмыс берушілердің талаптары және жас мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, түлектер жұмыс берушілермен алдын ала сұхбаттан өтіп, өз түйіндемелерін ұсынып, нақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырды. Жеке кеңестер алаңында қатысушыларға мансаптық даму және кәсіби бағдар бойынша ұсыныстар берілді.
Өткізілген іс-шара түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, жас мамандардың еңбек нарығына табысты бейімделуіне ықпал етті.

Пікірлер орны (0)